Нөсер жауынның салдарынан Батуми қаласын су басып қалды
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат - Қара теңіз жағалауындағы Грузияның Батуми қаласы толассыз жауған нөсердің салдарынан су астында қалды.
«Қаланың барлық аудандарын су басып қалды. «Батуми су арнасының» барлық қызметкерлері көшелерде жұмыс істеуде және халыққа көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда», деп хабарлады журналистерге Батуми мэрі Роберт Чхаидзе.
Қала көшелерінде судың деңгейі бірнеше ондаған сантиметрге жетіп отыр, соның салдарынан жертөлелер мен үйлердің бірінші қабаттарын су басып қалған. Оның үстіне, Батуми бірнеше сағатқа жарықсыз қалды, себебі нөсердің салдарынан жергілікті қосалқы станса істен шықты.
Батуми мэрі Р.Чхаидзе, апаттың салдарын жоюға Батуми мэриясының барлық қалалық қызметтері жұмылдырылғанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада нөсер жауыннан Түркияның батыс провинциялары, оның ішінде Ыстамбұл ауданы да зардап шеккен болатын. Қатты су тасқынының салдарынан 30-дан астам адам қаза болып, ондаған үйлер қирады, көптеген автокөліктерді су тасқыны теңізге айдап әкетті.