Нотариаттық қызметтер цифрлық форматқа көшеді
АСТАНА.KAZINFORM — Үкімет отырысында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа цифрлық E-Notary платформасы іске қосылатынын мәлімдеді.
— Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің белсенді қолдауымен Әділет министрлігі жаңа цифрлық E-Notary платформасын іске қосып жатыр. Ол қолданыстағы цифрлық шешімдердің тәжірибеде анықталған мәселесін жойып, нотариаттық әрекеттердің ашықтығы мен оны бақылаудың жоғарғы деңгейін қамтамасыз етеді, — деді ол.
Сонымен бірге, платформада нотариустың әрбір әрекеті тіркеліп қана қоймай, нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендіру жүйесін интеграциялау алғаш рет көзделген. Бұл есептік деректерді заңсыз пайдалануды жояды және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін барынша арттырады.
— Бұдан былай азаматтар платформада жеке кабинет ашып, оның көмегімен өздерінің қатысуымен жасалған барлық нотариаттық әрекетті бақылап, есепке алып және қадағалап отырады. Қажет болған жағдайда нотариустардың заңсыз әрекеттеріне қарсылық білдіруіне болады. Бұл жерде нотариаттық жазба жасау үшін өтініштерді автоматты түрде бөлу көзделеді. Бұл тең жүктемені қамтамасыз етуге, борышкердің нотариусты таңдау мүмкіндігін жоюға және олардың арасындағы сөз байласу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, — деді министр.
Оның сөзінше, тағы бір жаңашылдық — ЖИ элементтерін ұсынылған құжаттарға талдау жүргізу, ықтимал кемшіліктер мен тәуекелдерді анықтау, тиісті ұсынымдар әзірлеу кезінде пайдалану.
— Әйтсе де, нотариаттық әрекетті жасау туралы түпкілікті шешімді нотариус өзі қабылдайды. Платформаны пилоттық пайдалану қорытындысы бойынша оны ағымдағы жылдың соңына дейін еліміздің бүкіл аумағында енгізу жоспарланып отыр, — деді Ерлан Сәрсембаев.
Айта кетейік, бұған дейін нотариаттық қызметтердің сапасын арттыру тетіктері нақтыланғанын жазғанбыз.