Нотариустарды лицензиядан айыру тетіктерін кеңейтетін заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында нотариаттық қызметті жетілдіретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
— Заң жобасында атқарушылық жазбаны тек борышкердің тіркелген жері бойынша жасау нормасын бекіту ұсынылды. Борышкердің тұру аймағы сәйкес келмесе, атқарушылық жазбаға автоматты түрде бұғат қою тетігі енгізіледі, — деді құжатты таныстырған депутат Нұрсұлтан Байтілесов.
Сондай-ақ, ол борышкердің үстінен атқарушылық жазба түссе, нотариустар оны «Электрондық үкімет» порталы мен SMS арқылы хабарлауға міндеттелетінін айтты.
— Заң жобасымен нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де қатысы бар тұлғалармен байланыстылық фактілерін болдырмау үшін қосымша шектеулер белгілеу ұсынылады.
Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салуды көздейді, — деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Заң жобасы нотариустарды мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор шарттары бойынша атқарушылық жазба рәсімдеу құзыретінен айырады.
— Бұл мәселелер жан-жақты және толық қарау үшін соттың қарауына беріледі. Нотариустардың «Нотариат туралы» Заң талаптарын және дербес деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту де көзделеді, — деді Мәжіліс депутаты.
Жалпы құжатта мынадай негізгі нормалар көзделген:
— атқарушылық жазбаны Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы нотариустар арасында автоматты түрде бөлу;
— нотариустар лицензиясының қолданысын тоқтата тұру және лицензиясынан айыруға негіз болатын себептердің қатарын кеңейту арқылы жауапкершілікті күшейту;
— нотариаттық электрондық архивті қалыптастырудың тәртібін заңмен бекіту;
— нотариустарға сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен, коммерциялық ұйымның жарғылық капиталындағы үлестен және жалдауға берілген мүліктен кіріс алу құқығын беру.
Бұған дейін нотариустардың қызметі бойынша жаңа бақылау тізімі бекітілгенін жазған едік.