Нотариустердің қызметіне бірыңғай тариф енгізілуі қажет ? Мәжіліс депутаты

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды,

Нотариустердің қызметіне бірыңғай тариф енгізілуі қажет ? Мәжіліс депутаты
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында аталмыш заң жобасына байланысты сөз қозғаған депутат Тоқтарбай Қадамбаевтың айтуынша, бүгінде елімізде нотариаттың екі түрі бар. Олардың бірі мемлекеттік, екіншісі жекешеленген нотариаттар. Екеуі де бір қызметті атқаратындығына қарамастан оларды қаржыландыру жағы әртүрлі. Айталық, мемлекеттік нотариус мемлекет қаржысына күн көретін болса, жеке нотариустар қаржыны өздері табуға мәжбүр. «Бұл еліміздегі нотариустердің құқықтарын шектеп отыр. Оның үстіне қазір әр аймақта нотариустер қызметіне қатысты әртүрлі баға белгіленген. Бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудыруда. Егер біз оларға бірыңғай тариф белгілеп берсек, нотариустерге жұмыс істеу жеңіл болар еді. Оның үстіне заңнамалық база болған соң мәселенің мән-жайы тұрғындарға да түсінікті болады», - деді депутат. Оның айтуынша, депутаттардың талқысына ұсынылып отырған заң жобасы нотариус қызметіне қатысты осы тектес мәселелерді реттейді. Заң жобасын депутаттар бірауыздан қолдады.