Ноу-хау тонау: Бішкекте қазақстандық қылмыскерлер көліктерді ерекше әдіспен тонаған

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан астанасында жеке көліктердің есігін бұзып ашып, одан бағалы заттарды ұрлаумен айналысқан 3 баукеспе ұсталды, оның екеуі Қазақстаннан екені анықталды.

Ноу-хау тонау: Бішкекте қазақстандық қылмыскерлер көліктерді ерекше әдіспен тонаған

Қылмыскерлер «ноу-хау» технологияны пайдаланып, көлік есігін сындырмай-ақ ашқан. Ол үшін олар автокөлік дабылының кодын табатын пульт-сканерді қолданған. Пульт-сканердің бір батырмасын басса болғаны, есік өзі-ақ ашыла кететін болған.

Сақшылар осыдан бір апта бұрын ағымдағы ұрыларды қылмыс үстінде қолға түсірді. Олардан екі планшет, ұялы телефон және бірнеше пульт-сканерлер тәркіленді. Оған қоса, 9 грамм есірткі табылды.

Алдын ала ақпарат бойынша, қаскүнемдер сканерлерді Қазақстаннан әкелген.

Бішкек қаласы Свердловск аудандық ІІБ-де қалалық тергеу оқшаулағышына тоғытылған 3 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қырғызстанның ІІМ органдары халықаралық желілер бойынша қылмыскерлердің ҚР аумағында жасалған қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының ІІМ-ге бағдар жіберді.