Новак Джокович жетінші рет Ролан Гаррос турнирінің финалына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атақты сербиялық теннисші, әлемнің 3-ракеткасы Новак Джокович жетінші рет Ролан Гаррос турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сербиялық спортшы жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен кездесті.

«Үлкен дулыға» жарысының 22 дүркін жеңімпазы Новак Джокович 3 сағат 15 минутқа созылған матчта қарсыласын 6:3, 5:7, 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Н.Джокович финалда әлемнің 4-ракеткасы, норвегиялық Каспер Рууд немесе рейтингте 22-орындағы германиялық Александр Зверевтің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Сербиялық теннисші осыған дейін 2016 және 2021 жылдары Франция ашық чемпионатында үздік шыққан еді.

Сонымен қатар бұл Н.Джоковичтің «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі 34-інші финалы болмақ. Енді алдағы жексенбіде 23-інші титулы үшін кортқа шығатын болады.

Ролан Гаррос турнирінің жалпы жүлде қоры 49 млн еуродан асады. Парижде өткен жылы испаниялық Рафаэль Надаль чемпион атанған болатын. Алайда биыл ол жарақатына байланысты додаға қатысқан жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталғанын жазған едік.

Сондай-ақ Аружан Сағындықов Таиландтағы турнирдің жартылай финалына шықты.

Андрей Голубев Германиядағы турнирдің финалына шыға алмады.


Соңғы жаңалықтар