Новгород облысында психоневрологиялық интернат өртенді: құрбан болғандар бар

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Новгород облысының Маловишерск ауданы Лука ауылында «Оксочи» психоневрологиялық бір қабатты интернат ғимаратынан өрт шықты. Өрт шарпыған аумақ 670 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды РБК.

Новгород облысында психоневрологиялық интернат өртенді: құрбан болғандар бар

Өрт шыққаны жайлы хабарлама 02:52-де келіп түскен, өрт дабылы іске қосылған.

Құтқарушылар 22 адамды сыртқа шығарды, ал 37 адамның тағдыры белгісіз күйде қалып отыр. Интернатта барлығы 60 адам болған. Қазіргі уақытта қаза болған бірнеше адамның денесі табылды, өрт салдарынан мерт болғандардың нақты саны анықталуда.

Қайғылы жағдайдың не себепті орын алғаны әлі белгісіз. Тергеу басталып кетті.

2013 жылы сәуір айының соңында осыған ұқсас жағдай Мәскеу облысының Раменский ауылында да орын алған. Онда №14 психиатриялық аурухана өртеніп, оның салдарынан 38 адам қаза тапқан.