Новороссийск портына шабуыл: КҚК инфрақұрылымына зақым келген жоқ
«Шынымен де 4 тамызда Новороссийск портында дронмен Қара теңіз флоты кемелеріне шабуыл жасалды. Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы Новороссийск портынан біршама шалғайда орналасқанын атап өткен жөн. Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына қандай да бір зақым келген жоқ. Бүгінде құбыр жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр», - деді ол.
Сонымен қатар ол көктемгі және жазғы кезеңде Каспий құбыр консорциумы жағалаудағы 3 қондырғыға да жоспарлы жөндеу жұмыстарын аяқтағанын атап өтті.
«Мұнан бөлек, мұнайдың көлемі мен сапасын өлшеуге арналған жаңа жүйе іске қосылды. Бұл терминалдың алдағы күзгі және қысқы кезеңдегі дауылды маусымда мұнай тиеу икемділігін айтарлықтай арттырады. Тағы да қайталап айтамын, бүгінде КҚК жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Берілген өтінімдерге сәйкес, жөнелтушілерден мұнай қабылданып жатыр», - деді Болат Закиров.