NU-да 10-шы бітіруші түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті
АСТАНА. KAZINFORM - NU-да (Назарбаев университеті) 10-шы бітіруші түлектер легіне салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды аталған ЖОО баспасөз қызметі.
Биыл 1 500-ден астам адам, оның ішінде 54 шетелдік студент диплом алып отыр. Рәсім курстың үздік студенттері, ЖОО басшылығы мен профессорларының, Парламент депутаттарының, университеттің Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің, министрліктер мен компаниялар өкілдерінің, сондай-ақ өткен жылдардағы түлектердің қатысуымен әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының үлгісінде өтті.

Салтанатты рәсім академиялық сап түзуден басталды: рәсімнің Бас маршалы, биыл бұл рөлді Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Майкл Льюис алып отыр, скипетрмен сахнаға шықты – бұл университет рәсімдерінің маңызды атрибуттарының бірі. Ол ұлттық қамшы пішінінде жасалған, шаңырақ пен кристалдан тұрады, 5 қыры ЖОО-ның стратегиялық мақсаттарын бейнелейді.

Дәстүр бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларының барлық түлегі мантия киіп, әр мектептің айрықша жалауларымен Қамқоршылар кеңесінің мүшелері мен сахнада отырған профессорлар алдынан өтіп, өз орындарына жайғасты. Қазақстан әнұраны орындалғаннан кейін және одан кейінгі бір минут үнсіздіктен соң NU президентінің м.а. Илесанми Адесида, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов биылғы және өткен жылдар түлектерді құттықтау сөзін сөйледі.

NU президентінің м.а. доктор Илесанми Адесида: “Университет адалдық пен мінсіздікке талпынған талантты студенттерін мақтан етеді. NU-ды сәтті аяқтауларыңыз құтты болсын, құрметті бітірушілер! Бұл сіздер және сіздердің отбасыларыңыз үшін үлкен жеңіс. Дипломдарыңызды қолға алу үшін аянбай еңбек еткендеріңізді білемін. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің, білімдеріңіз бен табандылықтарыңыздың арқасында осы күн мүмкін болып отыр. Білім нәрімен сусындауды осымен тоқтатпай, әрі қарай жалғастырып, таным көкжиектеріңізді кеңейтіп, alma-mater қабырғасында жүріп үйренгендеріңізді әлеммен бөлісетіндеріңізге кәміл сенемін”, — деп түлектерге ақжол тіледі.

Биыл 1 507 адам диплом алды, оның ішінде 54 шетелдік студент бар: атап айтқанда, 1 038 бакалавр, 408 магистр, 42 PhD және 19 медицина докторы. Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі (565 түлек) және Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебі (582 адам) ең көп маман дайындады. Медицина мектебін биыл 139 студент, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебін 57 адам бітірді. Жоғары Бизнес, Білім беру және Мемлекеттік саясат мектептері 164 маман дайындады.

“Осы төрт жыл ішінде біз көп нәрсені бастан өткердік. Пандемия кезеңі, саяси өзгерістер және тағы басқалары. Осы қиындықтарға қарамастан, біз бүгінде әлем университеттерінің үздік 30%-ына кіретін университетті бітіріп жатырмыз. Зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілетіміз бен сіңірген ақыл-ойды университетке, елімізде және адамзатқа көмектесу үшін қолдануға міндеттіміз деп санаймын. Компьютерлік ғылымдар маманы ретінде мен теміржол қауіпсіздігі жүйесі бойынша жұмыс істедім және оның жақын арада жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға көмектесетініне қуаныштымын”, — деді Ерасыл Қадыржанов, NU-дың Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің түлегі, Студенттік Үкіметінің бұрынғы президенті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов: “Университет миссиясы – мемлекеттік саясат, бизнестен бастап, білім мен ғылымға дейін еліміздің экономикасының түрлі салаларындағы өзгерістердің басында тұратын біліктілігі жоғары мамандарды даярлау. Бар-жоғы 14 жылдың ішінде NU жоғары білім саласы бойынша халықаралық қауымдастықтың ішінен өз орнын тауып, беделді TimesHigherEducation рейтингінде әлем бойынша үздік зерттеу университтерінің 30 пайызының, сондай-ақ Азияның үздік университеттерінің 11 пайызының қатарына кірді. Университет оқытушыларының, зерттеушілерінің, новаторларының, кәсіби әкімшілік қызметкерлерінің және басшылығының бірлескен жұмысы оны Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі, сондай-ақ алыс және жақын шетелдегі талантты жастар үшін тартымды етті. Студенттер мен түлектердің жеткен жетістіктері Университеттің жаһандық жоғары білім картасындағы беделі мен ұстанымын нығайтады”, — деді үздік бітірген 10 түлекке диплом табыстап болғаннан кейін.
Алғашқы бітіру салтанатынан бастап инженерия, жаратылыстану ғылымдары, технологиялар және гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша барлығы 8 746 адам NU дипломын алды. Биылғы түлектерді және оқуын жалғастырып жатқан студенттерді қоса санағанда, 15 мың адам NU “ДНҚ-сын тасымалдаушы” қауымдастықты құрайды. Олардың негізгі ерекшеліктері – академиялық адалдық пен транспаренттілік қағидаларын ұстануы, сыни ойлау қабілеті мен білімге құмарлығы, бастамашылдығы.
Биылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша жұмысқа тұрған NU түлектерінің шамамен 92%-ы (5 277) Қазақстан экономикасының игілігіне қызмет етуде, 8%-ы (458) әлемнің жетекші компанияларында тәжірибе жинап жатыр. Олардың басым бөлігі білім мен ғылым, ақпараттық технологиялар, өндіріс пен өнім өндіру, сондай-ақ қаржы секторында жұмыс істейді.
Айта кету керек, NU-ды бітіргеннен кейін 10 бакалаврдың төртеуі Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында, соның ішінде NU-да немесе шетелде оқуын жалғастыруда. Олардың білімі Колумбия, Гарвард университеттерінде, Массачусетс технологиялық институтында, Сингапур ұлттық университетінде, Сеул ұлттық университетінде, Король Абдалла атындағы Ғылым және технологиялар университетінде, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінде және т.б. білім ордаларында жоғары бағалануда, бұл NU беретін білім сапасы мен оның жоғары беделінің бірден-бір дәлелі.
Салтанатты бөлім бітірушінің арнайы бас киімін лақтырумен және NU Президентімен бірге суретке түсумен аяқталды.