«NU пәтерінен қару табылды»: Саясат Нұрбек оқиғаға қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетінің пәтерінде қару сақтаған шетелдіктің ұсталуы жөніндегі ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.

Саясат Нұрбек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оның сөзінше, «қару-жарақ арсеналы» жайында тараған ақпарат жалған.

– Бұл мәселе жөнінде полиция мәлімет таратты. Біріншіден, олар Назарбаев университетінің қызметкерлері емес. Екіншіден, табылған зат атыс қаруы емес. Қателеспесем, XVII ғасырға тиесілі тарихи жәдігер, – деді Саясат Нұрбек Мәжілісте өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, оның айтуынша, шетелдік азаматтар НУ жалға алған пәтерде тұрмайды. Ондай баспана ЖОО қызметкерлеріне арналған.

– Автономды білім беру ұйымы ретінде Назарбаев университетінің мәселелері жеке заңмен қаралады. Министрлік ондай шаруашылық істерге араласпайды, – деді министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, тексеріс жүргізуге тұрғындардың бірінің пәтерге күмәнді зат кіргізді деген шағымы түрткі болған.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізді.

Құзырлы органның мәліметінше, жәшіктің ішінде тарихи әрі мәдени құндылығы бар антикварлық қару үлгілері болған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл заттар заманауи атыс қаруына жатпайды және тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмейді.