«Нұр Астана» орталық мешіті Мәуліт кешіне шақырады
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Елордадағы «Нұр Астана» орталық мешіті жылдағы дәстүр бойынша 18 ақпанда, сағат 10.00-де Астана қаласындағы Конгресс-Холл сарайында өтетін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) туған күнінің құрметіне арналған «Қош келдің, Мәуліт!» атты мерекелік кешке шақырады.
«Шара барысында сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірбаяны және өсиеттері жайында насихаттар айтылады. Пайғамбарға (с.а.с.) арналып арабша салауат оқылады. Тақырыпқа сай иләһи әндер шырқалып, тағылымды бейне материалдар көрсетіледі»,-дейді ұйымдастыру алқасы.
Кештің бағдарламасына тоқталатын болсақ, көпшілік назарына «Сүйінші, Алланың соңғы Елшісі келді!» атты бейне материал ұсынылады. Мұнымен қоса, Қасиетті Құран оқылып, Мәуліттің маңыздылығы, оны атап өтудегі артықшылығы және Пайғамбардың (с.а.с) өнегелі өмір жолы жайында уағыздар айтылады.
Кешті Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Нұр Астана» орталық мешіті ұйымдастырып отыр.