«Нұр Отан» Астанада черлидинг сияқты бұқаралық спортты дамытуды көздейді

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Астанада черлидинг сияқты бұқаралық спортты дамыту мақсатында біз осы жерде алғашқы ұлттық чемпионатты өткізу бастамасын қолдадық. Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы саяси-қоғамдық бөлімінің меңгерушісі Айгүл Қаманова осылай айтты.  

«Нұр Отан» Астанада черлидинг сияқты бұқаралық спортты дамытуды көздейді

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, Қазақстанда бұқаралық спорт түрлерін кеңінен дамыту қажет. Спорттың жекелеген түрлері емес, халық көптеп қатысатын спорт салаларына ерекше басымдық беру керектігі туралы талай рет айтылған. Сондықтан біз черлидинг сияқты бұқаралық спортты дамыту бастамасын қолға алып отырмыз. Әсіресе, еліміздің бас қаласы - Астанада спорттың бұл түрін дамыту аса маңызды. Себебі бұл жерде арнайы және жоғары оқу орындарда білім алып жатқан жастар көп. Алматыда ол жақсы дамыған. Енді, Астана да ондай деңгейге жетуі тиіс. Сондықтан біз Қазақстанның Ұлттық черлидинг федерациясының елордада алғаш рет спорттың осы түрінен ұлттық чемпионат өткізу бастамасын қолдап отырмыз», - дейді А.Қаманова.

Айта кетейік, қазанның 3-4-і аралығында Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде черлидингтен I ұлттық чемпионат өтеді. Оған 50-ден астам команда қатысады. Олардың ішінде би топтары, черлидинг клубтары және тағы басқа ұжымдар бар. Қатысушылардың жалпы саны - 500 адам. Черлидинг  (ағыл. «cheerleading» деген сөзінен шыққан) - би, гимнастика мен акробатиканы үйлестірген спорттың бір түрі. Онда шоудың элементтері басым болады. Черлидинг 1870-жылдары АҚШ-та пайда болып, спорт командаларын демеуші би топтары арқылы танымал бола бастады.