«Нұр Отан» Елбасының мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын арттыру тапсырмасының орындалу қорытындысын жариялайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Желтоқсан айында республикалық мониторингтің нәтижелері мен ҚР Президенті, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындаудың алғашқы жылының қорытындылары жарияланады.
«Нұр Отан» партиясы өзінің «Кедергісіз келешек» жобасының аясында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік органдар мен салалық ҮЕҰ өкілдерімен бірлесіп инклюзивті білім беруге жағдай жасалған әлеуметтік инфрақұрылымдар мен мектептерге республикалық деңгейде мониторинг жүргізуге кірісті. Барлық өңірлерді қамтитын зерттеп зерделеу нәтижесі ағымдағы жылдың желтоқсанында қорытындыланады, деп хабарлады партияның баспасөз қызметінен.
Бүгін 13 қазанда Астанада мүгедектерге қолжетімділігі бойынша теміржол мен автовокзалдарға, сондай-ақ №65 орта мектепке мониторинг жүргізілді.
«Нұр Отан» фракциясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі өкілі, партияның партиялық бақылау комитетінің мүшесі Ирина Аронова атап өткендей, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың дерегі бойынша 700-ге жуық нысан бейімдеу үрдісінен, оның ішінде Астана қаласында бүгінге дейін 30 нысан тиісті бейімдеуден өткен. Мұның өзінде қажеттілікке бейімделген нысандар жөніндегі ақпаратта ол орындардың мүгедек жандардың барлық санаттары үшін қолжетімді екені айтылған.
Тиімді мониторинг жүргізу үшін қажеттілікке бейімделген нысандардың қолжетімділігі бойынша арнайы бағалау парағы және инклюзивті білім беру практикасы бар мектептердің мүмкіндігі шектеулі балаларды ортақ оқу үрдісіне ілестіруі бойынша сауалнама әзірленді.
Партиялық мониторингтердің қорытындысы бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға анықталған олқылықтарды жоюға қатысты ұсынымдар берілетін болады.