19:12, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының «Өрлеу» экономикалық клубының алғашқы мәжілісі өтті
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының «Өрлеу» экономикалық клубының алғашқы мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырысқа «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Қелімбетов, Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Әсет Исекешов және Парламент депутаттары қатысты. Мәжіліс барысында аталған клубтың мақсат-міндеттеріне тоқталған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаевтың айтуынша, бүгінде партияның алдыға қойып отырған басты міндеттерінің бірі - ел экономикасының өрлеуі мен оның жарқын болашағы. «Осыған байланысты біз бүгін партия құрылымының аясында «Өрлеу» экономикалық клубының жұмысын жолға қоюды мақсат еттік. Қазіргідей әлемді дағдарыс жайлаған сәтте саяси институттар мен олардың бағдарламаларының рөлі өте зор», деді Д.Қалетаев. «Самұрық -Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтың пікірінше, экономикалық клуб елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты экономика саласы мамандарының ұсыныс-пікірлері мен олар берген бағаны бір арнаға тоғыстыратын, экономикалық жағдайға қатысты түрлі мәліметтер мен ақпараттарды топтастыра отырып, соған орай әрекет ететін орган болмақ. «Осы тұрғыдан алғанда клубтың жұмысын дер кезінде әрі орынды қолға алынған шара деуге болады», деп атап көрсетті.Кеңестің мәжілісі айына бір рет өтетін болады. Онда еліміздің аймақтарының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен әлемдік қаржы дағдарысы жағдайындағы ел экономикасының жай-күйі сөз болады.