12:57, 08 Наурыз 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Д. Қалетаев ҚазҰТУ жатақханасын аралады
АЛМАТЫ. Наурыздың 8-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев оқу орнының студенттерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Дағдарыстан ? дамуға» деп аталатын халыққа Жолдауын талқылауға арналды. Д. Қалетаев ҚазҰТУ жатақханасын аралап көрді. Онда ол студенттердің тұрмыс-тіршілігімен танысты, сондай-ақ олармен білім алып жүрген жастардың мәселелері мен жетістіктері жайында әңгіме өрбітті. Бұған қоса, халық өмірін жақсарту бойынша мемлекет атқарып жатқан істер, ел Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасы және Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы жайында баяндады. Басқосуда аталып өтілгендей, қазірде көпшілік жоғары оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі байқалуда. Д. Қалетаев университет басшылығына студенттердің баспана жағдайын жақсарту саласында атқарып жатқан істері үшін алғысын білдірді.
«Мемлекет жаңа жатақханалар тұрғызу ісін жалғастыратын болады. Дегенмен, қазірде құрылысы басталып қойған нысандарды аяқтау мәселесі тұр», деді «Нұр Отан» партиясының өкілі.