«Нұр Отан» ХДП және Азиада-2011 ұйымдастыру комитеті арасында әріптестік туралы келісім жасалды
АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін, тамыздың 6-сы күні «Нұр Отан» ХДП және 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы арасында өзара түсіністік және әріптестік келісіміне қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Меморандумға Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен 7-ші Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комиетінің атқарушы дирекциясының президенті Анатөлі Құлназаров қол қойды.
«Әлемдік қауымдастық Қазақстанның экономикасындағы, әлеуметтік жобаларындағы жетістіктерін мойындады. Енді біз Қазақстанның кең көлемді доданы, Қысқы Азия ойындарын өткізуге мүмкіндік алып отырған спорт саласындағы ірі державалардың қатарына кіріп отырғандығына куәміз», деп атап көрсетті Н. Нығматулин.
Оның айтуынша, меморандумға сәйкес Ойындарды ұйымдастыру жұмыстары, сондай-ақ соған байланысты жоспарланған акциялар мен шаралар бірлесіп өткізілетін болады. Сонымен қатар партия тарапынан толық ақпараттық көмек көрсетіледі.
«Осының барлығы алғашқы партиялық ұйымдардың, құрылымдық бөліністердің жіті назарында болады», дейді ол.
«Қазақстанның Әлемдегі спорт державаларымен бірге деңгейлесе алатындай барлық алғышарттары бар деп білемін», деп атап көрсетті Н. Нығматулин.
Еске сала кетейік, 7-ші Қысқы Азия ойындары 2011 жылы қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы аралығында Астана мен Алматы қалаларында өтеді.