«Нұр Отан» қаза болған кеншілердің отбасыларына 1 млн теңгеден бермек
«Олар жас болды. Ең бастысы - олардың өмірлері әлі алда еді. Мен қаза болған кеншілердің жесір қалған жұбайларының ержүректігі мен шыдамдылықтарына таңданамын», - деп атап өткен «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, материалдық көмек партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұқтар Құл-Мухаммедтің бастамасымен ұйымдастырылғанын жеткізді.
Үш отбасында да әке қамқорлығынсыз қалған кішкентай балалар бар. Қазір отағасын жоғалтқан әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі туындап отыр. Марқұм Максим Шебановтың әйелінің құрсағында бес айлық баласы бар, оған тұрақты медициналық бақылау қажет. Қадиша Оспанова оны облыстық перинаталды орталыққа орналастыруға уәде етті.
Ирина Руденко 11 жасар ұлын асырап отыр және де екінші баласына жүкті. Оған марқұм жұбайы жұмыс істеген шахтада жұмыс табылды.
Надежда Ахметжанованың да қолында үш баласы жетім қалды. Кенже қызы 5 жаста. Нұротандықтар бұл отбасына да көмек көрсетуге уәде берді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиға 31 тамыз күні болды. Метан газының кенеттен бөлінуінің нәтижесінде үш кенші: Рустам Ахметжанов, Валерий Руденко және Максим Шебанов қаза болды. Үш отбасында 6 бала әкесіз қалды. Марқұм кеншілер бір учаскіде жұмыс істеген, әрқайсысының компаниядағы жұмыс өтілі 10 жылдан асады. 
Компания басшылығы марқұмдардың отбасыларына ұжымдық келісімшартта көрсетілген барлық міндеттерді орындайтынын жеткізді.