«Нұр Отан»: Қоғамдық кеңес отырысында денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері қаралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері қаралды.
Басқосуда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған жұмыстар атап өтілді, деп хабарлайды аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметі.
Министрлікте әкімшілік іс-шараларды іске асыру, сертификаттар және өзге де рұқсаттама құжаттарын беру, дәрі-дәрмектерді және медициналық қондырғыларды сатып алу, денсаулық сақтау нысандарын салу, пациенттермен өзара байланыс барысында туындауы мүмкін тәуекелдерді жою үшін негізгі бағыттар бойынша жемқорлыққа қарсы іс-шаралар тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ, 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі штаб құрылған.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұушылықтардың алдын алуда алқалық органдар ерекше рөл атқарады. Олардың ішінде ҚР Үкіметі жанындағы Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесі, Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісі, Экономикалық және сарапшылар кеңесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия және жекеленген бағыттар бойынша құрылған жұмыс топтары бар. Тұрақты жұмыс істейтін мұндай комиссиялар келешекте ведомствоға қарасты барлық ұйымдарда құрылатын болады. Алқалық органдар отырыстарында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, тарифтік саясат, құқықбұзушылықтар мен жемқорлықтың алдын алу, стратегиялық және бағдарламалалық құжаттарды іске асыру қорытындылары, сондай-ақ нормативтік құқықтық құжаттар қарастыралады.
Мемлекеттік органдар қызметі ашықтығы өлшемдерінің бірі - үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-әрекеттестік болып табылады. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік тапсырысқа қаржы бөлу қарастырылған. 2011 жылдан бері министрлік 48 үкіметтік емес ұйымға 54 мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орналастырыды.
Сыбайлас жемқорыққа қарсы орта қалыптастыру үшін барлық ықтимал тәуекел аймақтары анықталды. Орталық аппаратта және ведомствоға қарасты ұйымдарда жемқорлықтың алдын алу мақсатында заңнамамен қарастырылған барлық қажетті ұйымдастыру шаралар қабылданды.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіле басталғалы стационарлар деңгейінде бірегей тарифтік саясат іске асырылды. 2010 жылдан емдеуге жатқызу порталы іске қосылды. Бұл портал арқылы тіркеу науқастың стационарға жату үшін дәрігерлермен алдын ала келіссөздер жүргізуінің алдын алады. Кезек автоматты түрде белгіленеді, оны өзгерту мүмкін емес. Әрбір емделуші өз кезегін ғаламтор арқылы бақылап отыра алады. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінде үрдістердің ашықтығы қамтамасыз етілді. Науқас ауруханадан шығу қағазына өзінің еміне қанша ақша кеткенін көріп, қол қояды.
Дәрімен қамтамасыз ету жүйесінде ашықтықты іске асыру мақсатында республиканың барлық өңірлерінде автоматтандырылған Дәрімен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесі енгізілді. Ол дәрігерлердің рецепті жазуын, әрбір науқастың белгіленген дәріні алуын нақты бақылап отыруға мүмкіндік береді. Өтініштердің көпшілігі сол жерде қарастырылып, шешімін табады.
2013 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрі «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізуде.
2011 жылдан бастап ведомствоның жетекшілер құрамын алмастырып отыру тәжірибесі енгізілді. Бүгінгі күнге дейін 33 қызметкер орнын ауыстырды.
Сыбайлас жемқорлықты жою үшін біліктілік санаттарын беру тетігі өзгертілді. Әңгімелесудің орнына халықаралық тәжірибеге сай біліктіліктері тексеріледі.
Сонымен қатар, министрлік қызметтер көрсетуді оңтайландыру және автоматтандыру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда 25 мемлекеттік қызметтің 18-і автоматтандырылды.
Медициналық техниканы жоспарлау және сатып алудың жаңа жүйесі енгізілді. Нәтижесінде бүгінде сатып алу шараларының ашықтығы, жоспарлау сапасы артты. Министрлік, денсаулық сақтау ұйымдары, жергілікті арқарушы органдар, «Қазмедтех» АҚ, «СҚ-Фармация» ЖШС арасында жоспарлау, әзірлеу, ұйымдастыру және сатып алу ісінде міндеттер бөлініп, айқындалды.
Делдалдарсыз бәсекелестік ортаны қалыптастыру мақсатында дәрілік құралдарды өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасау жүйесі енгізілді. Медициналық техникаларды мемлекеттік тіркеу оңайлатылды. Енді бұл шара бұрынғыдай 120 күн емес, небәрі 5 күнге созылады.
Фармацевтикалық нарықта алыпсатарлыққа жол бермеу үшін дәрілік құралдардың бағасын қалыптастыруда сараптамалық шаралар күшейтілді. Кепілдік берілген көмек көлемі шеңберінде дәрілік құралдардың бағасын қалыптастыру тәртібі анықталды. GMP стандартарына сай өндірілген дәрілік құралдарды тіркеудің нормасы қабылданды. Дәрілік құралдарды сараптау ұлттық орталығында «бір терезе» қағидасы енгізілді. Онда әрбір адам ұсынылған дәрілік құралды тіркеу барысын, мерзімі мен кезеңдерін электрондық тәртіпте қарап отырады. Құны қымбат дәрілерді сатып алуды жоспарлау науқастардың электрондық тіркелімі негізінде жүргізіледі. Министрлік дәрілік құралдарды бірегей дистрибютор арқылы сатып алу үшін дәрілік құралдар тізімін қалыптастыру саласында заңнаманың сақталу барысына тексеріс өткізу жөнінде ҚР Бас прокуратурасына ұсыныс жасады.
ҚР Өңірлік даму министрлігімен бірлесе отырып, денсаулық сақтау нысандары құрылысы ай сайын мониторингіленіп отырады, сондай-ақ, жарты жыл сайын ҚР Үкіметіне құрылысты іске асыру барысы жөнінде толық ақпарат ұсынылады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған іс-шаралар өз нәтижесін бере бастағанын айта кету керек. Айталық, ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2012-2013 жылдары әкімшілік жауапкершілікке тартылған денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің саны 50%, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны 48%, қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны 17% азайды.