«Нұр Отан» партиясы мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өзара келісім жасасты

АНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамы, Қазақстанның Радиоспорт және радиоәуесқой қауымдастығы, әскери-спорттық клубтар қауымдастығы және партия өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

«Нұр Отан» партиясы мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өзара келісім жасасты

Келісім арқылы тараптар жастарға патриоттық тәрбие беру ісін одан әрі бірлесіп дамытуға, салауатты өмір салтына бұқаралық сипат беруге, сонымен қатар ғарыш саласындағы әлеуетті, ғылыми-техникалық және технологиялық жетістіктерді насихаттау бағытында жемісті еңбек етуге уағдаластық жасасты.

Партияда мәлім еткеніндей, меморандумның басты тұжырымдамасы - түрлі акцияларды өткізуге бағытталған. Соның ішінде әскери-патриоттық және спорттық қызмет саласындағы жобалар, спорт және жастар саясаты заңнамасын жетілдіру бойынша әріптестік жүргізу, балалар және жоғары деңгейлі спортты, сонымен қатар бұқаралық спорттың қанат жаюына жәрдемдесу, әлеуеті жоғары ғылыми-техникалық жетістіктерді халық арасында насихаттау.

Ұйымдастырушылар аталған келісімнің негізінде Қазақстанның әлемдік спорттағы халықаралық беделін қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге жастардың патриоттық тәрбиесінде үлкен жеміс көретіндеріне сенімділік білдірді.

«Нұр Отан» ХДП Хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлының атап көрсеткеніндей, аталған құжатқа қол қою ҚР Президенті Н.Назарбаевтің халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау аясындағы нақты іс-қимыл болып табылады.

«Бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығы мен дер кезінде жасалғандығын ескере отырып, біз еліміздегі әскери-патриоттық, технологиялық және инновациялық салалардағы жобаларды дамытуға және қолдауға күш саламыз», - деді Қ. Сатыбалдыұлы.