«Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасындағы 70 көрсеткіштің 49-ында оң нәтижеге қол жетті - Б.Сағынтаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасындағы 70 көрсеткіштің 49-ы бойынша оң нәтижеге қол жетті. Бүгін Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев осылай мәлімдеді.
Еске салайық, Саяси кеңесте партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудың 2,5 жыл ішінде атқарылған шараларының кезеңдік нәтижелері талқылануда. Өз баяндамасында вице-премьер Б.Сағынтаев «Нұр Отан» партиясының 2017 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында Үкімет алдында бірқатар экономикалық-әлеуметтік маңызы бар міндеттер қойылғанын атап өтті. Осы мақсатты іске асыру барысында елдің әлеуметтік дамуында көптеген оң қорытындыларға қол жеткен. «Мәселен, сайлауалды тұғырнаманың 70 көрсеткіштің 49-ы бойынша оң нәтижелер алынған. Соның ішінде 16 көрсеткіш мерзімінен бұрын орындалды. Қалған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізу үшін Үкімет тиісті шараларды қабылдауда», - деді Бақытжан Сағынтаев. Оның айтуынша, ағымдағы әлемдік күрделі экономикалық ахуалдың қалыптасуына қарамастан, он айдағы ІЖӨ-нің өсімі 4 пайызды құраған, ал инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде сақталып отыр. Еліміздің халықаралық активтері де қарқынды өсуде.