«Нұр Отан» партиясы жанынан заманауи HR-қызметі құрылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы жанында заманауи HR-қызмет құрылуда. Олар кадрлық жұмыстармен айналысатын болады. Бұл туралы партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Партия жұмысының форматы мен әдістері жаңғыртылып жатыр. Қазіргі заманғы саяси технологияларды енгізу жолымен партия жұмысының нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Оның ішінде партия аппараты өзінің қызметінде жобалық басқару форматына көшті, яғни осындай қадам бүгінде әлемде кеңінен пайдаланылуда», - деді Дүйсенова Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысында.
Оның атап өтуінше, партия өзінің жұмысына британдық жобалық басқарудың PRINCE2 әдістемесін енгізуде, осы орайда партия өз мүшелерін жаңаша жұмыс істеуге бейімдеп жатыр.
«Жалпылама жұмыстың орына, біз нақты басымдықты бағыттар бойынша мақсатты топтарға негізделген партиялық жобаларға жұмыламыз. Енді біздің аппарат жұмысын бағалаудың түбегейлі өлшемі ретінде халық үшін іске асырылған нақты атаулы пайда назарға алынады», - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова партияның ұйымдастырушылық қызметін жетілдіріп жатқанын жеткізді.
«Құрылымдық бөлімшелердің мақсаттары мен қызметтері нақты айқындалып, портфолио кеңсе құрылды. Кеңсе партияның барлық жобалық қызметін үйлестіреді. Мұнымен қоса, заманауи HR-қызмет құрылуда және олар қазіргі заманғы әдістер мен қадамдар негізінде кадрлық жұмыспен айналысады», - деп түйді партия хатшысы.