«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының басшысы мен идеология мәселелері жөніндегі хатшысы тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының жаңа басшысы мен идеология мәселелері жөніндегі хатшысы тағайындалды, деп хабарлайды аталмыш партияның баспасөз қызметінен.

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының басшысы мен идеология мәселелері жөніндегі хатшысы тағайындалды

Партияның идеология мәселелері жөніндегі хатшысы болып Құмар Ақсақалов тағайындалды. Ол Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлер институтын тәмамдаған, экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары Қостанай облысы аудандарының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер мен идеология жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

2010 жылдан бері - «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы, Саяси кеңестің мүшесі.

Идеология мәселелері жөніндегі жаңа хатшыны таныстыра келе, Бауыржан Байбек партия көшбасшысының тапсырмасы бойынша «Нұр Отанның» аймақтардағы қызметі артып, партия жұмысы «жобалық вертикаль» бойынша жасақталып жатқанын атап өтті.

«Құмар Ақсақаловтың аудандық деңгейден Президент әкімшілігіне дейінгі түрлі мемлекеттік органдардағы жұмыс тәжірибесі оған қойылған міндеттер биігінен көрінуіне мүмкіндік беретініне сенемін. Бұл тағайындауды атқарылған жұмысқа берілген жоғары баға деп санаймын», - деді Б.Байбек.

Ал партияның Орталық аппаратының басшысы болып Әсел Жүнісова тағайындалды.

Әсел Жүнісова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Жапонияның жоғары мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған, экономика ғылымдары және мемлекеттік басқару магистрі.

Әр жылдары мұнай-газ саласында, Стратегиялық жоспарлау агенттігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, «ҚазТрансГаз»АҚ, «Самғау» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінде және «Оңтүстік» ӘКК қызмет атқарған. 5 жылға жуық уақыт бойы ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі, кейін Стратегиялық зерттеулер мен талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болған.

2013 жылы наурыз айында «Нұр Отанның» Орталық аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалған, партияның Саяси кеңесінің мүшесі.

Орталық аппараттың жаңа басшысын таныстырған Б.Байбек партия мүшелерінің 60%-ы нәзік жандылар екенін, ал «Нұр Отанның» Саяси кеңесінің өкілетті органында 30% әйелдер қауымы жұмыс жасайтынын атап өтті.

«Әсел Жүнісова «Нұр Отандағы» басшылық лауазымға тағайындалған тұңғыш әйел болып отыр. Бұл партия көшбасшысы тарапынан үлкен сенімді білдіреді. Бұл тағайындауды басқарушы партияның, сонымен қатар қоғам мен мемлекет жұмысында әйелдердің маңызды рөліне деген құрмет деп қабылдаймыз», - деп атап өтті Б.Байбек.