«Нұр Отан» партиясының РСШ Алматыға арнайы сапары партия жақтастарының форумымен аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматы қаласындағы сапарын жалғастырды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

«Нұр Отан» партиясының РСШ Алматыға арнайы сапары партия жақтастарының форумымен аяқталды

Үгіт-насихат тобы оңтүстік астанадағы екінші күнін «Алматы Көпірлі Құрылым Зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен, ғылыми-шығармашылық, зиялы қауым, қайырымдылық және әлеуметтік жобалармен айналысатын қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы жақтастарының форумы болып өтті.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған Республикалық сайлауалды штаб делегациясының құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің V-шақырылымы депутаты Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі Кенжеғали Сағадиев және тағы да басқа танымал тұлғалар бар.

«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында Республикалық сайлауалды штаб делегациясымен өткен кездесуге 500-ге жуық зиялы қауым өкілдері қатысты. Алқалы жиын барысында Алматы тек еліміздің ғана емес, Орталық Азияның зияткерлік, мәдени, экономикалық орталығы екені айрықша айтылды.

Осы қалада еліміздің негізгі интеллектуалды-шығармашылық әлеуеті шоғырланған. Сондай-ақ еліміздің жоғары білім беру мекемелерінің үштен бірі дәл осы шаһарда орналасқан (127 ЖОО-ның 42-сі). «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы іске қосылған. Бұл жобаның мақсаты - жаңа технологияларды тарту, жаңа кәсіпорындардың құрылуына және дамуына үлес қосу, инвестициялар тарту. Бүгінгі таңда аталған арнайы экономикалық аймақта тіркелген компаниялардың саны - 151. Компаниялар негізінен ақпараттық технологиялар, телекоммуникация, байланыс, электроника салалары бойынша бәсекеге қабілетті өнімдер шығарады.

«Әлемде жаңа технологиялар жиынтығы жинақталды, ол жетекші елдерге өздерінің экономикаларын таяудағы 5-10 жыл ішінде мүлдем жаңа техникалық тəртіпке көшіруге мүмкіндік береді. Мұндай технологиялық бəсекелестік Қазақстан үшін бірегей сынақ болып табылады. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы жоғары технологияларды дамыту міндетін қойып отыр. Біздің жалпыұлттық басымдықтарымыздың бірі сандық қоғамды кеңінен қалыптастыру», - деді өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.

Ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының инновациялық бағытқа ерекше назар аударылғанын құптайтындықтарын жеткізді.

«Мені «Нұр Отан» партиясының өз күш-жігерін IT-инфрақұрлымды дамытуға жұмсайтыны қуантады. Бұл бастаманы өз басым қолдаймын. Өйткені, осылайша экономиканың барлық саласында онлайн сауданың, электронды қызметтердің, сандық телевизия мен мобильді интернеттің, қашықтықтан оқытудың, өнеркəсіпте интернет пен BigData технологияларының жедел дамуына жағдай жасайды», - деді РСШ мүшесі Нұрлан Оразалин.

«Astana Business Campus» негізінде 3 ғылыми-техникалық кластердің жоғары технологиялар, биомедициналық жəне геологиялық жіктелімде құрылатыны көңілімнен шықты. Ал Алматы қаласындағы инновациялық технологиялар паркінде кем дегенде екі жаңа экспортқа бағдарланған бағыт қалыптасатыны, өңірлі стартап-хаб пен трансұлттық компаниялардың қатысуымен технологияларды дамытудың 5 орталығы құрылатыны да құптарлық бастама»,- деді бұл ретте ғалым Кенжеғали Сағадиев.

«Нұр Отан» партиясы басымдықтарды дұрыс айқындаған. Шынымен де, бізге мықты ғылым қажет, алайда, ол экономикадан бөліп жарып қарастырылмауы тиіс. Ғалымдар мен кəсіпкерлер бір болып, бірлесе əрекет етсе ғана біз инновациялық Қазақстанды құра аламыз» - деп атап өтті «Қазақ көз ауруларын ғылыми зерттеу институты» АҚ басқармасының төрағасы Тұрсынкүл Ботабекова.

Осы күні «Нұр Отан» партиясының республикалық үгіт-насихат топ мүшелері «Алматы Көпірлі Құрылым Зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Бұл елімізде осы бағыттағы жалғыз кәсіпорын. Қазіргі күні зауытта 723 адам жұмыс істейді, оның төрттен бір бөлігі «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері. Өнеркәсіп орны 350-ден астам тауар аталымын өндіріп, республиканың 85% көпір құрылымдарымен қамтамасыз етеді.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде автокөлік жолдарын дамытуға баса назар аударылған. Ал Қазақстанның жаңа жоғары жылдамдықты мультимодальды көлік бағыты Азиядан Еуропаға және кері бағытта жүк транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз қазіргі 18 млн. тоннадан 2020 жылға қарай 33 млн.-ға дейін, ал 2030 жылға таман 50 млн. тоннаға жеткізуге мүмкін береді»,- деп атап өтті кездесуге қатысушылар.

«Нұр Отан» партиясының доктринасында бекітілген ынтымақтастық және өзара жәрдем принциптері туралы штаб мүшелері қайырымдылық және әлеуметтік жобалармен айналысатын үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен кездесуде айтты. Жиын жылына жобаларға 100 млн. теңге жұмсайтын «Бауыржан» қайырымдылық қорының кеңсесінде өтті. Құрылғаннан бері 12 жылдың ішінде қор әлеуметтік жобаларға 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсаған. Жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты балалық шақ», «Кедергісіз Келешек» жобаларында көрініс тапқан. Республикалық сайлауалды штаб мүшелері әлеуметтік көмек көрсету қызметін бақылау үшін өткен жылы «Қайырымдылық туралы» заң қабылданғанын еске салды.

«Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабының Алматыға арнайы сапары партия жақтастарының Форумымен аяқталды. Жиынға 5 мыңнан астам қала тұрғыны келді. Олардың арасында жастар шоғыры мол болды.

«Біз елімізді мақтан етеміз. Дамыған алдыңғы қатарлы мемлекетте тұрып жатқанымызға мақтанамыз. Ертенгі күні еліміз үздіктер қатарынан табылғанын қалаймыз. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясына дауыс береміз», - деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Демократиялық жастар ұйымының төрағасы, студент Медеубек Хангелді.

Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Жанерке Серікованың айтуынша, біздің елімізде жастарға барлық жағдай жасалған. «Ел болашағы жастар деп жатады. Шын мәнінде де, елдің ертеңі біздің алымдылығымызға байланысты. Ал бұл үшін елімізде оқимын, дамимын деген жасқа барлық жағдай жасалған. Бұл ең алдымен Елбасының сындарлы саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Сол үшін де біз «Нұр Отанға» қолдау білдіруге әзірміз», - деді жастар өкілі.

«Қазақстан жастары Елбасы партиясы, «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасын толық қолдайды. Біз бірлік, тұрақтылық, жасампаздық, үшін дауыс береміз», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Гүлжайна Әнуарбекова.

Айта кетейік, Алматы қаласында 9 сайлауалды штаб құрылған. Оларда бір жарым мыңнан астам сенімді өкілдермен партия белсенділері қызмет атқаруда. Қалалық мәслихат депутаттығына «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша 35 үміткер ұсынылған.