«Нұр Отан» партиясының жемқорлықпен күреске бағытталған үнпарақтар байқауы мәреге жетті

АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының жемқорлықпен күреске бағытталған үнпарақтар байқауы мәреге жетті.

«Нұр Отан» партиясының жемқорлықпен күреске бағытталған үнпарақтар байқауы мәреге жетті

«Жемқорлыққа қарсы осындай үнпарақтар байқауы өткізілді. Бұлар жай ғана қаралып қалмай, ертең жарияланып, жұмыс орындарының алдында, халық көп жүретін жерлерде ілінетін болады. Осы дертпен күреске бағытталған бұл шараны бақылауға аламыз. Атап айтқанда, облыстардағы және қалалардағы филиалдар арқылы осыны халыққа, бұқараға насихаттайтын боламыз»,- деді Парламент Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов.

Айта кетейік, байқауға қатысу үшін 355 автордан жемқорлықпен күрес мазмұнындағы суреттер бейнеленген 500-ге тарта туынды келіп түсті. Бұл шараға республиканың өңірлеріндегі мектеп оқушыларынан, студенттерден, сондай-ақ әуесқой және кәсіби шеберлердің жұмыстары жиналды.

Көркемдігі және маңыздылығы жағынан қойылған талаптарға сәйкес ұйымдастыру комитеті бірқатар жұмысты іріктеп алғанына тоқталған О. Әбдікәрімов, «бірінші орынды иеленген 200 мың теңге, екінші орынға 150 мың теңге, сонымен қатар үшінші орын алғанға 100 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалды»,-деді.

Сонымен, аталған байқауда қазылар алқасы бірінші орынды Сағи Ахтановқа, екінші орынды Абай Бейсембетовке және үшінші орынды Сергей Байбузаның еңбектеріне берді.