«Нұр Отан»: Жаңа Үкіметтің басты міндеті - жүйелі жұмыс орнату
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Юлия Кучинская жаңа Үкімет алдындағы шешімін табуы тиіс басты міндеттерді атады.
Институт өкілінің айтуынша, жаңа Үкіметтің басты міндеті - жүйелі жұмыс орнату.
«Егер атқарушы биліктің қызметіне тұтас талдау жасасақ, онда әрбір министрліктің тек өз мүддесі үшін ғана жұмыс істейтінін көреміз. Бұл жерде жүйелі жұмыс істеу, мәселенің жүйелі түсінігін қалыптастыру қалыс қалған», - деді Юлия Кучинская «Нұр Отан» партиясы съезінің қарсаңындағы панельдік сессияда журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, ведомстволар арасында тиісті деңгейде байланыс жоқ. Яғни, министрлік қызметкерлері өз әріптестерінің жұмысындағы өзгерістерді сезе бермейді.
«Мәселен, бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, Білім министрлігіндегі жаңалықтан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мүлдем хабарсыз қалып жатады. Әлеуметтік қиын отбасындағы балаларды қолдау еңбек министрлігінің де, білім министрлігінің де жұмысы. Екі министрлік те сол баламен, сол ата-аналармен жұмыс істейді, алайда мұнда жүйелілік жоқ, ол қалыптаспаған. Менің ойымша, ең бірінші кезекте осы бағытта жұмыс істеу керек», - деді сарапшы.
Бұдан бөлек, Юлия Кучинская ертең «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде партия бағдарламасы жарияланатынын еске сала келе, онда алдағы межелерге жету үшін нақты мақсат, міндеттер белгіленетінін атап өтті.
«Алдағы уақытта Үкіметпен, депутаттармен бірлесе отырып жүктелген міндеттердің барлығын толыққанды жүзеге асыруға ұмтылуымыз керек. Бұл үшін қажетті механизмдерді қамтамасыз етуге тиіспіз», деді ол.