«Нұр Отанға» қуатты қолдау» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 қаңтар, дүйсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Кеше, жексенбіден дүйсенбіге қараған түнгі сағат 24.00-де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП республикалық сайлауалды штабында болды. Онда Мемлекет басшысы штаб мүшелерімен, партиялас серіктестерімен, сенім білдірілген адамдармен, жұртшылық өкілдерімен, еріктілермен, сондай-ақ жастармен кездесті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті дүйсенбілік санындағы «Нұр Отанға» қуатты қолдау» тақырыбындағы мақаласында. «Қымбатты серіктестерім, штаб мүшелері, партияластарым! Қазір ғана біз экзит-пуллдың нәтижелерін біліп отырмыз. Біздің партия сенімді нәтижелерімен, үлкен айырмашылықпен жеңіске жетті. Бұл біздің бағдарламамыз, біздің жүргізген жұмыстарымыз халықтың қолдауына ие болғанын білдіреді. Олар бізді қолдады, олар бізбен бірге, олар бізге деген сенімін арттыра түсуде. Енді біздің алдымызда өзіміздің «Қазақстан-2017» бағдарламамызды орындау, қазақстандықтар жақсы тұруы, экономикалық өсу, біздің тәуелсіздігіміздің нығаюы үшін барлық істі жүзеге асыру міндеті тұр», - деді Мемлекет басшысы партиялас серіктестерімен кездесуі барысында.
***
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен телефон арқылы сөйлесті. Сұхбат барысында тараптар екіжақты стратегиялық серіктестігінің болашағын талқылады. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Хиллари Клинтон: Қазақстандағы заңдылық ұлықтылығы» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Қазақстан және АҚШ сыртқы саяси ведомстволарының басшылары дипломатиялық қатынастарды орнату күнінен бері 20 жылдың ішінде екі мемлекет ұзақ жолды еңсеріп, кең ауқымды ынтымақтастықты әрі қарай нығайту жолында баянды негіздер қалағанын атап өтті. Бұл ынтымақтастық қауіпсіздік, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды таратпау, энергетика, экономикалық даму, аймақтық тұрақтылық және демократиялық үдерістерді дамыту сияқты салаларды қамтуда.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, «Стратегия» әлеуметтік зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының Exit-poll әдісі бойынша жүргізген сауалнаманың қорытынды нәтижесінде Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудағы 7 пайыздық шекті «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстанның Коммунистік халық партиясы еңсере алды. «Біздің зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы - 81,3 пайыз; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы - 7,2 пайыз; Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (ҚКХП) - 7,1 пайыз; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) - 1,5 пайыз; Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы - 1,2 пайыз; «Әділет» демократиялық партиясы - 0,9 пайыз дауыс жинады»,- дейді аталған қордың директоры Гүлмира Илеуова.