«Нұр Отанға» жүгінген 190 мың адамның 96 пайызының мәселесі шешілді - Мұхтар Құл-Мұхамед

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрлі мәселелерімен «Нұр Отан» партиясына жүгінген қазақстандық азаматтардың мәселелелерінің 96 пайызы оң шешімін тапқан. Бұл туралы Астанада «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед айтып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Мұхтар Құл-Мұхамед өз сөзінде Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ қоғамының дамуына серпін беріп, ерекше қимыл-қозғалыс әкелгенін атап өтті.

«Қоғамдық санаға қозғау салуға, партияның барлық ресурстары мен активтері жұмылдырылды. «Рухани жаңғыруға» арналған республикалық жобалық офисінде тұрақты жұмыс істеу үшін арнайы партия хатшысы белгіленіп, әлеуметтік желі және түрлі месенджерлерде жұмыс күшейтілді. Санадағы серпілістің іргетасы саналатын қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруді халық арасында кеңінен насихаттауды партия да өзінің күнделікті жұмысында басты назарда ұстауда», - дейді Мұхтар Құл-Мұхамед.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша бүгінгі басталған істі ертең нық сеніммен алға апаратын партияның кадрлық резервін жасақтау жұмысы сәтті атқарылуда.

«Орталық және жерігілікті деңгейде 3052 партия мүшесінен тұратын партиялық резерв жасалды. Түрлі жағдайлармен жұмыссыз қалған партия мүшелеріне дейін қамқорлық күшейтіліп, бір жылдың ішінде мұндай қатардағы партия мүшелерінің саны 4 есеге дейін қысқарды. Партияның Орталық және өңірлердегі қоғамдық қабылдау жұмыстары жаңа форматқа көшіріліп, өтініштер скайп, ватсап, электронды пошта арқылы да қабылдана бастады. Еліміздің кез келген өңірінен интернет-коммуникациялар арқылы партияға шығу мүмкіндігі туды. Бұған сіздің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуы көп мүмкіндік туғызып отыр», - дейді ол.

Мұхтар Құл-Мұхамед осы ретте 10 айдың ішінде 190 мың адам партияға өтініш түсіргенін, олардың мәселесін шешу үшін қоғамдық қабылдауында депутаттармен қатар, министрліктің өкілдері келіп, қарапайым халықтың сұрақтарына жауап бергенін жеткізді.

«Ең бастысы, сол өтініштер жерде қалмай, 96 пайызы шешімін тапты. Жалпы жазылушылары 6 миллионнан астам еліміздегі аса танымал блогерлермен ынтымақтаса отырып, жұмыс істеудің нәтижесінде партияның Фейсбуктағы жақтастарының саны 5,8 есе, Инстаграмда 3,1 есе, Твиеттерде 1,6 есеге дейін артты. Партияның халықаралық байланысы да нығая түсті. Әлемдегі озық тәжірибелерді үйрену мақсатында Ұлыбриятания, Жапония мен Сингапур елдерінің жетекші партияларының басшыларымен кездесу өткізіп, олардың оң тәжірибелері партиялық практикаға батыл енгізілуде», - дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Еске сала кетсек, Астанада бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы басталды. Отырыстың күн тәртібінде партияның 2017 жылдың 10 айында еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы аясында атқарған жұмысы, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының құрамына өзгертулер енгізу мәселесі қаралып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар