«Нұр Отанның» Саяси кеңесінде қандай мәселелер талқылануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қандай мәселелер талқыланатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің бүгінгі отырысында екі мәселе қаралады. Біріншісі - «Нұр Отан» партиясының жүйелі түрде жаңғыруы. Күздегі әңгімелесуімізде берген менің тапсырмаларым бар болатын. Екіншісі - Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру, қоғамдық бақылау, қалай өтіп жатқанын қарау мәселесі. Менің бастамаларым жарияланғаннан кейін партияға бұл міндет жүктелгенін өздеріңіз білесіздер», - деп атап өтті отырысты ашқан Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, кеңейтілген отырысқа Саяси кеңестің барлық мүшелері, бірқатар мемлекеттік органның басшылары, партия аппаратының өкілдері қатысуда. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдары, өңірлік активтері де бейнеконференция арқылы жиынға қосылған.
«Бұл дұрыс. Олар барлығын естулері қажет. Өйткені бұл барлығымызға ортақ міндеттер. Былтырғы жылдың қарашасында өткен Саяси кеңес отырысында партия қызметін өзектендіру, яғни оны жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырма берген болатынмын. Біз партия жалпыұлттық күн тәртіпті қалыптастыруға да белсенді қатысуы тиістігін айттық. Ол жаңғыртудың басты қозғаушы күшінің біріне айналуы тиіс. Сонымен қатар партияның өзінде ғана емес, елде де кадрлық резервпен мақсатты жұмыстарды жолға қою тапсырылды. Біз бұл кезеңде партия мүшелерінің санына емес сапасына басымдық беру қажеттігін айттық. Біздің жұмысымызда жаңа саяси технологияларды белсенді пайдалану міндеті қойылды. «Жас Отан» алдына барлық жастар ұйымының интеграторына айналу міндеті жүктелді. Таяуда өткен «Жас Отан» съезі жастарымыздың өте белсенді екендігін және мемлекет ісіне араласуды қалайтындығын көрсетіп берді. Сондай-ақ мен партиялық білімді сараптамалық зерттеу мәселесімен байыпты айналысуды тапсырған едім», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Президенті бұл тапсырмалардың барлық түпкі мәні «Нұр Отанның» елдегі көшбасшы саяси күш ретінде позициясын одан ары нығайту екендігін баса айтты.
«Бұған қоса, осы жылдың наурызында мен президенттік Бес бастаманы жария еттім. Бұл әрбір қазақстандықтың өмірін жақсартатын әлеуметтік бағдарлама. Оны жүзеге асыру үшін қажетті барлық заңнамалық базаны Парламент қабылдағаны белгілі. Бұл бағытта біздің партиямыздың парламенттік фракциясы үлкен жұмыс атқарды. Партияға Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге осы бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды тапсырдым», - деді Мемлекет басшысы.