Нұр-Сұлтан әуежайы жабық

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әуежайы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан әуежайы жабық

«Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы сағат 16:30-дан 20:00-ге дейін қар тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жабылды. Айта кетерлігі, «Қызылорда-Нұр-Сұлтан» әуе рейсі елордадағы қолайыз ауа райына байланысты қосымша аэродромға - Қарағанды қаласына ұшып кетті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.

Сәл кейінірек Әнуар Шалекенов елорда әуежайы ұшу-қону жолағын қардан тазалау үшін түнгі сағат 00:00-ге дейін жабық болатындығын және мұның барлығы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып отырғандығын хабарлады.

Еске сала кетсек, әуежай бұған дейін бір рейстің тоқтатылып, екеуінің басқа айлақтарға жіберілгенін хабарлады.

Қазіргі уақытта елордада қалың қар жауып, боран соғып тұр. Оның үстіне солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге, оқтын-оқтын 15-20 метрге дейін жетеді.

Қалың қар және боранның салдарынан елордадан шығатын 4 бағыттағы жол жабылған.