Нұр-Сұлтан Еуразияның астанасына айналды - Армения Президенті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан Еуразияның астанасына айналды. Бұл туралы бүгін XII Астана экономикалық форумы барысында Армения Президенті Армен Саркисян айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан Еуразияның астанасына айналды - Армения Президенті

«Осы жерге алғаш келгенім есімде. Кішкентай ғана қала болатын. Бұл ұлан-ғайыр орын еді, қала жоқ-тын. Одан кейін арман туып, оны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шынайы өмірде жүзеге асырды. Небәрі 20 жылдың ішінде Қазақстан астанасының қалай түрленгенін қараңыздаршы. Бүгін міне, Нұр-Сұлтан деген тамаша қаламыз. Оны Еуразияның астанасы деп айтуға толық негіз бар», - деген А.Саркисян ҚР Тұңғыш Президентіне шынайы ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар ол прогрессивті дамуға қатысты ойымен бөлісті.

«Алғашқы локомотивтердің бірі адами капитал саналады. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әлемдегі ең ірі 5 компания минералды ресурстар өндірмейтіндігі белгілі. Бұл компаниялар HighTech пен ІТ-технологиялар, сонымен қатар жасанды интеллект саласында жұмыс істейді. Мұндай түрленудің бірнеше факторы бар. Оның бірі - адами капитал, шығармашылық адамдары. Екінші фактор - төртінші индустриалдық революция. Біз жылдам революция эволюциясына енген сияқтымыз. Бұл өзгерістер 30 жылдан кейін емес, күн сайын орын алады. Біз оған дайын болуымыз қажет», - деді ол.