Нұр-Сұлтан көшелерін қалың қардан тазартуға тұрғындар мен волонтерлер атсалысуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қалың қардың түсуіне байланысты коммуналдық қызмет үлгермей жатқандықтан, көшелердегі қар жинау жұмысына белсенді тұрғындар мен волонтерлер қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан көшелерін қалың қардан тазартуға тұрғындар мен волонтерлер атсалысуда

«Қалың қар жауған күндері аудандағы санитарлық тазалық жұмыстарына бақылауды күшейттік. Әріптестерімізбен бірге күні-түні кезекшілік етіп жатырмыз. Белсенді тұрғындар мен волонтерлер сөзбен емес, іспен көмектесуде. Қар тазалау бойынша тек аудан аумағын аралап қана қоймай, әлеуметтік желілер арқылы да мониторинг жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «109» қызметі арқылы келіп түскен барлық өтініштерге әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жауап берілуде», - деп жазды Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов өзінің Facebook парақшасында.

Еске сала кетейік, кеше елорда көшелеріндегі қарды жинауға 1700-ден астам жұмысшы және 1040 техника шыққан болатын.