Нұр-Сұлтан мен Алматыда ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар іске қосылады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекеттік комиссия шешімімен 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы бірқатар экономика секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың нақты тізімі 15 сәуірде белгілі болады. Бірақ біз журналистер мен азаматтардан көп сұрақ түсіп жатқандықтан, жұмысын жалғастыруы мүмкін секторлар туралы жалпы ақпарат бергіміз келіп отыр», - деп тоқталды министр телеарна арқылы өткен онлайн брифинг барысында.

Осы орайда ол аталған өзгеріс Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір уақытта енгізілгенімен, екі қалада жұмыс процесінде айырмашылық болуы мүмкін екенін жеткізді.

«Оның себебі осы қалалардың эпидемиялық жағдайының және экономикасының айырмашылығына байланысты. Сондықтан барлық нюанстарды әкімдіктер тұрғындарға алдын ала хабарлап, түсіндіріп отырады. Екіншіден, карантин талаптарының өзгерісі бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Әр кезеңде Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысы есепке алынады. Қазір тек бірінші кезең туралы сөз болуда. Бұл кезеңде ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар іске қосылады. Бұндай кісіпорындарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы хаттамалар дайындалады. Оның орындалуы тұрақты түрде тексеріледі», - деді Дәурен Абаев.

Егер кәсіпорын ол талаптарды бұзса, қатаң шектеу шаралары қолданылады.


Соңғы жаңалықтар