Нұр-Сұлтан мен Петропавлда сауда орталықтары мен моншалар жұмысын бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігіне тоқталды. Себебі, қарантин шараларын жеңілдету кейбір өңірлерде ауруды жұқтыру санын көбейтіп отыр.

Осыған орай, өңірлерде қызметіне қайта кіріскен объектілерде санитарлық талаптардың орындалуына қатаң бақылау ұйымдастыру тапсырылды.

Тек, Нұр-Сұлтан қаласында жүргізілген тексеріс барысында санитарлық талаптарды орындамаған және бұзған 15 құрылыс нысаны анықталып, олардың жұмысы кемшіліктер жойылғанша тоқтатылды.

Сонымен қатар қолайлы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Ведомствоаралық комиссияның шешімімен 2020 жылғы 20 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларында сауда, ойын-сауық орталықтарының (ойын-сауық алаңдары, фудкорттар, кинотеатрлар іске қосылмайды), қоғамдық моншалардың қызметін іске қосу туралы шешім қабылданды.

Ресей Федерациясынан Қазақстанның 1 мыңға жуық азаматын, оның ішінде сол жақта оқитын студент жастарымызды елге қайтару мәселесі қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бірнеше нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар