Нұр-Сұлтан-Павлодар трассасында ер адам көлік ішінде жанып кетті

Жол апаты 28 маусым күні «Нұр-Сұлтан-Павлодар» тасжолында, Пограничник және Спутник ауылдарының арасында болған.
Жеңіл көліктің жүргізушісі қарсы бағытта келе жатқан КамАз-бен соқтығысқан. Соққы салдарынан жеңіл көлік жана бастаған. Екі адам ауруханаға түсіп, бір адам көлік ішінде жанып кетті.
«Аталған факті бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сараптамалар тағайындалды», - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көлік ішінде жанып кеткен жолаушының тұлғасын анықтау мүмкін болмаған. Себебі ол машинаға жолшыбай мінген.
«1987 жылы туған ер адам омыртқа сүйегінің сынуы диагнозымен, 1999 жылы туған ер адам жабық бас миының жарақаты, бетінің жыртылған жарақаты диагнозымен Павлодар қаласының №1 ауруханасына жеткізілді. Үшінші адам «inDriver» қосымшасымен көлікке отырған жолаушы. Ол толығымен жанып кеткендіктен, кім екенін анықтау мүмкін болмады», - деді басқармадан.
Жол апаты болған жерге жедел жәрдемнің екі тобы шығып, қызмет көрсеткен.