Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытында жол апаты азаймай тұр
Соның салдарынан 33 адам ауыр жарақаттанып, 7 кісі ажал құшқан. Апаттың алдын алу үшін аймақ полицейлері жолдың бірнеше жеріне фотокамера қойыпты. Ол жылдамдықты асырған көлікті өзі тіркеп, ақпаратты арнайы орталыққа жөнелтеді. Осы арқылы заң бұзушыға айыппұл жолданады.
Қондырғылардың бірі Щучинск қаласының тұсында болса, екіншісі Бұланды ауданының аумағында орналасқан. Алайда, бұның өзі қазір нәтиже бермей отыр. Ал, полицейлер болса, «қайғылы жағдайларға жүргізушілердің өздері кінәлі» дейді.
«Біздегі ең негізгі проблема – жылдамдықты асыру. Белгіленген жылдамдықты сақтамау, өте қиын жағдайларға алып келеді. Мәселен, Щучинск – Нұр-Сұлтан тасжолында бір апаттан 3-4 адам көз жұмған оқиғалар болды. Бұл – айдың-күннің аманында болған апаттар. Ал боранды күндері немесе көктайғақ болған кездері ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ», дейді облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Аслан Қызбикенов.