Нұр-Сұлтан тұрғындары қай орындарда вирус жұқтырады
«Соңғы 19 күнде қаламызда тәулігіне 1,5 мыңнан астам ауру тіркелген. Қазіргі уақытта базарлар, сауда орталықтары, қоғамдық көліктер, мейрамхана, кафе-бар, еңбек ұжымдары және саябақтар мен демалыс орындары негізгі ауру жұқтыратын жерлер болып қала береді», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингіде.
Спикердің айтуынша, базардағы жұқтыру 7%-дан 15%-ға дейін, сауда нысандарында – 19%-дан 24%-ға дейін, кеңселерде – 13%-дан 28%-ға дейін, саябақтар мен демалыс аймақтарында – 15%-дан 18%-ға дейін, сондай-ақ 0,8%-дан 7%-ға дейін – науқастар үйлену тойларын және т.б. бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатысқан. Науқастардың 8%-ы қоғамдық көлікті тұрақты пайдаланады.
Айта кетейік, елордада COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз. Бес ай бойы қала «қызыл» аймақта тұр, соңғы 13 күнде инфекциялық стационарлар жүктемесі 70%-дан асып және 100 мың тұрғынға шаққанда төсек-орынның толу көрсеткіші 200-ден жоғары болғандықтан Нұр-Сұлтан «қою қызыл аймақта» болды.
Кешеден бері инфекциялық стационарлар жүктемесі 69%-ға түсіп, елорда тағы да «қызыл аймаққа» ауысты.