Нұр-Сұлтан тұрғыны Павлодар облысында зейнеткерді қағып кетіп, мерт қылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар - Семей тас жолының 50-ші шақырымында, Павлодар ауданы, Новоямышево ауылының маңында жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Павлодар облысында зейнеткерді қағып кетіп, мерт қылды

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол апаты 25 шілде күні сағат 11:30-да болған.

«Фольксваген Венто» көлігінің 37 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай жолдың шетінде тұрған ауыл тұрғынын, 71 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті», - деп мәлім етті баспасөз қызметінде.

Жарақат алған әйел оқиға орнында мерт болған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Көлік айыппұл тұрағына қойылған. Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлігі - «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша жүргізілуде.