Нұр-Сұлтанда алғаш рет Еуразия астаналары жазушыларының форумы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең елордада тұңғыш рет Еуразия астаналары қаламгерлерінің халықаралық форумы өтеді, деп хабарлайды |ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтанда алғаш рет Еуразия астаналары жазушыларының форумы өтеді

Қала күніне орай ұйымдастырылып жатқан форумды Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі өткізбекші.

Орталық коммуникациялар орталығында өткен арнайы брифингте Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нәримаш Мұхамбеталина елордада дәл осындай форум өткізетін кез әбден жеткенін айтты.

«Бұл шараны тарихи оқиға деп айтуға болады. 20 мемлекеттен астаналық жазушылар қатысқалы отыр. Испания, Египет, Үндістан, Әзербайжан, Ресей, араб мемлекеттерінен атақты жазушыларды шақырдық. Форумның мақсаты өте биік. Ұлт әдебиетін барша әлемге насихаттауға үлкен жол ашатын форум болмақ. Қала күніне ұштастырылған шаралардың саны көп. Солардың арасында бұл форумның шоқтығы биік», - деді Нәримаш Мұхамбеталина.

Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы бұл форум Нұр-Сұлтан қаласының әдеби имиджін көтеріп, өзге елдермен әдеби байланысты нығайтуды көздейтінін айтады.

«Қазір әдеби агенттер туралы жиі айтылып жүр. Біздің қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысы туралы да көптеген мәселелер бар. Өткен жылы Қазақстан жазушылар одағы Еуразия қаламгерлерінің ауқымды форумын өткізген болатын. Кеңес дәуірінде әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің байланысы нақты жолға қойылған болатын. Тәуелсіздік жылдары бұл іс сәл ақсап қалды. Мемлекет тарапынан қазақ әдебиетін UNESCO тізіміндегі 6 жетекші тілге аудару қолға алынып жатыр. Ол үшін аударма бюросы да құрылды», - дейді филиал директоры.

Оның айтуынша, форумға қазақтың 100 ақынын испан тіліне аударған мадридтік ақын Хусто Хорке Падрон шақырылған.

«Келесі жылы Абайдың 175 жылдық мерекесін кең көлемде атап өтеміз. Ертең сол испан ақынымен меморандумға қол қоямыз. Абай өлеңдерін испан тіліне аударуға келісіп отыр. Абай атамыздың өлеңін кез келген ақын аудармауы керек. Сондықтан форумдағы сүйіншілеп айтатын жаңалығымыздың бірі - осы. Біріккен Араб Әмірліктері, Ауғанстан Ислам Республикасы, Қырғыз Республикасы жазушылар одағының төрағалары да осы форумға қатысады. Олжас Сүлейменов бастаған қазақтың ақын-жазушылары осы форум ортасында болады», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.

Брифингке қатысқан жазушы Әлібек Асқар мен ақын Несіпбек Айтұлы да астаналық жазушылар форумының елорда әдебиетінің тынысына тың серпін сыйлайтынын айтты.

Дәулеткерей Кәпұлының сөзінше, форумда кітап маркетингі мен авторлық құқық, әдеби агент ісін дамыту мәселесі де талқыланады. Аталмыш мәселелер поэзия, проза, драма секцияларында жеке-жеке талданбақ.