Нұр-Сұлтанда аудан әкімдерінің халықпен есептік кездесуі басталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада аудан әкімдерінің есеп беру кездесулері басталды. Халықпен онлайн жүздесу 27 қаңтар - 5 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала тұрғындары атқарушы органдардың жұмыстарымен танысып, қаланы дамыту және қалалық қызметтердің жұмысын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алатын болады.
«Коронавирус пандемиясына байланысты кездесулер онлайн форматта өтеді. Кездесуге қатысу, өз аудан әкіміне немесе қала әкіміне сұрақ қою үшін тіркеу сілтемесі бойынша өтіп (https://nur-sultan-online.kz/), одан арғы нұсқауларды орындауы қажет.
Кездесулер Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің YouTube және Facebook ресми аккаунттарында, сондай-ақ ресми сайтында көрсетіледі», - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, 10 ақпан күні сағат 10:00-де Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің есеп беру кездесуі өтеді. Бұл шара сондай-ақ елорда әкімдігінің YouTube және Facebook ресми аккаунттарында, ресми сайтында көрсетіледі.
Азаматтарды қабылдау кестесімен әкімдік сайтында танысуға болады.