Нұр-Сұлтанда балабақшалардың рейтингін жасау ұсынылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы балабақшалар қызметінің деңгейін анықтау мақсатында сапа рейтингін жасау идеясы ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Неге бізде мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың деңгейін көрсететін рейтинг жоқ? Мысалы, қай балабақша барлық талапқа сай жұмыс істейді, қайсы балабақшада методологиялық жұмыс оңтайлы атқарылып жатыр деген секілді. Одан бөлек, балалардың қауіпсіздігі мен оларға берілетін астың сапасы да ерекше қадағалауды қажет ететін сұрақтардың бірі», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов елорда мәслихатының жалпы отырысында.
Өз кезегінде көтерілген мәселеге қатысты қалалық Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай өз ойын білдірді.
«Бұл жерде рейтингті қалай жүргіземіз деген кері сұрақ туындайды. Яғни балабақшалар арасындағы рейтингті біздің басқарма жүргізсе, ол қаншалықты дұрыс шешім? Менің ойымша, балабақшаның жұмысына баға ата-аналардың тарапынан берілгені жөн. Егер ата-аналар өз бағасын беруге дайын болса, біз өз тарапымыздан балабақша жұмысын әділ әрі ашық бағалаудың критерийлерін әзірлеуді ойластырамыз», - дейді Ш. Сейсенбай.
Білім басқармасы басшысының мәліметінше, бүгінде елорда балабақшаларында 28 993 бала тәрбие алып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік балабақшаға 16 154 және жеке меншік балабақшаға 12 839 бала барған.
Бұған дейін қалалық білім басқармасының басшысы көру және сөйлеу қабілетінен айрылған балаларға арналған балабақша ашылғанын мәлім етті.
Сондай-ақ, Ш. Сейсенбай өз сөзінде елорда балабақшаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жедел әрекет ету орталығын ашу туралы айтып өтті.
Одан бөлек , Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының жалпы отырысында биыл 1 қыркүйектен бастап елорда балабақшаларында ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілетіні айтылды.