Нұр-Сұлтанда «балгер» әйел балаларды алдап, 600 мың теңге мен әшекей бұйымдарды қолды еткен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық полицейлер дуадан арылтамын деп, балалардың әшекей бұйымдары мен ақшасын алдап алған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда «балгер» әйел балаларды алдап, 600 мың теңге мен әшекей бұйымдарды қолды еткен

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы кезінде алаяқтық жасағаны үшін 31 жастағы әйел қолға түсті. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласында кәмелетке толмаған балалардың жанына келіп, өзін «балгермін» деп таныстырған. Ол ата-аналарың мен туыстарыңды дуадан тазартамын деп алдап, балаларға үйден ақша немесе әшекей бұйымдарды алып шығуды сұраған. Осылайша ол үш баланы алдап, 600 мың теңге мен алтын бұйымдарды иеленіп алған. Әшекей бұйымдарды ломбардқа тапсырып үлгерген.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты алаяқтықтың 3 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұрынырақ азаматша алаяқтық үшін бірнеше рет сотталған.

Ол Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Осы әйелден зардап шеккен басқа да азаматтар болса, Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» аудандық полиция басқармасына немесе төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз:

8 (7172) 71-65-57, 71-65-58

8-778-994-02-02

8-702-348-31-90 немесе «102».