Нұр-Сұлтанда «Бейбітшілік тағы» атты көрме ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде «Бейбітшілік тағы» көрмесінің тұсаукесері өтті. Көрме адамзат тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Елордада алғаш рет өткізіліп жатқан «Бейбітшілік тағы» көрмесінде белгілі суретші-пацифист Гонсало Мабунданың (Мозамбик) «Тақ» және «Маска» атты ерекше жұмыстары ұсынылды.

Мүсіндердің басты ерекшелігі – деактивті қару-жарақтардың қалдықтарынан жасалуында.

Гонсало Мабунда агрессия құралдарын өнер туындыларына айналдырып, адамзатты бейбітшілікке үндейді.

Көрменің ашылу салтанатына «Дегдар» гуманитарлық қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева, Қазақстан суретшілері академиясының президенті Амандос Ақанаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Нұр-Сұлтан қалалық мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева, «Еуразиялық мәдени альянс» ЕКҰ кураторы Владислав Слудский және басқа да қоғам мен өнер қайраткерлері қатысты.

«Гонсало Мабунданың «Тақ» және «Маска» мүсіндері негіз болған бүгінгі көрменің мәні зор. Суретші-пацифист Гонсало Мабунда өзінің туған жері Мозамбикте ұзақ жылғы азаматтық соғыстың ауыр зардабын басынан өткерді. Бейбіт заман орнағаннан кейін ол автоматтар, снарядтар мен атылған гильзалардан ерекше мүсіндерді жасап, сұрапыл соғыстың қару-жарақтарын өнер туындылары ретінде ұсынды. Қазіргі уақытта соғыс оты тұтанып, зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жүрген ел көп. «Бейбітшілік тағы» көрмесінің идеясы өнер тілі арқылы барша адамзатты соғыстан бас тартып, татулық пен келісімге үндеуді көздейді», - деді Дариға Назарбаева.

Іс-шараның тұсаукесеріне қатысқан қоғам қайраткерлері мен өнертанушылар «Бейбітшілік тағы» көрмесі татулық пен келісімнің мәнін, бейбіт өмірдің басты құндылықтарын бағалауға зор ықпалын тигізетініне баса назар аударды.

«Көрмеде Қазақстан, АҚШ және Африка суретшілерінің жұмыстары да ұсынылған. Гонсало Мабунданың туындылары сияқты бұл шығармаларда да туған жерге сүйіспеншілік, тарихқа тағзым тақырыптары қозғалған. Ұйымдастырушылар Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған жеке бөлім де әзірлеген. Экспозицияда 25-тен астам отандық және шетелдік шеберлердің туындысы жинақталған. Олардың қатарында Айша Ғалымбаева, Амандос Ақанаев, Әбдірашит Сыдыханов, Әмен Хайдаров сынды қазақ өнерінің майталмандары бар», - деп атап өтеді «Дегдар» гуманитарлық қорының баспасөз қызметінен.

Айта кетерлігі, «Дегдар» гуманитарлық қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырған көрмеге қойылған мүсіндер ҚР Ұлттық музейге сыйға тартылмақ.

Ал көрмені қала тұрғындары 23 қазанға дейін тамашалай алады.


Соңғы жаңалықтар