Нұр-Сұлтанда бүгін коронавирус жұқтырғандар жайлы не білеміз
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 12 сәуірде елордада коронавирус індетін жұқтырған 7 адам тіркелді. Оның үшеуі коронавирус жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған, бұрын оқшауланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тағы 4 жағдай - екі жақты пневмония, тыныс алу жетіспеушілігінің белгілерімен стационарлық емдеуде болған пациенттер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елордада пневмония және ЖРВИ-мен ауырып жатқан науқастар үшін арнайы корпустар ашылған. Орталық жол ауруханасының терапиялық корпусы пневмониясы бар пациенттерді ғана қабылдайды. Блокта оқшауланған қабылдау-диагностикалық бөлімше ұйымдастырылды.
Ал №2 қалалық емхана базасында ЖРВИ белгілері бар пациенттерді қабылдау үшін обсервациялық емхана ұйымдастырылды. ЖРВИ белгілері бар науқастарды тек №2 қалалық емхана қабылдайды.
Бұл блоктардың ашылуы инфекцияның таралу қаупін төмендетуге және уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, елордада коронавирус індетін жұқтырғандардың саны - 238 адам, оның 37-сі емделіп шықты.