Нұр-Сұлтанда цифрландырудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда қала тіршілігі мен қызмет алуды цифрландыруға арналған жаңа бағдарлама әзірлену үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының отырысында депутат Айтжан Әбдіров елордада жүзеге асып жатқан цифрландыру бағдарламасының орындалуын сынға алды.

«Осыған дейін цифрландыру жұмысы бойынша жалпы бағдарламаны сұраған болатынмын. Ақпарат келді, бірақ тек бюджетке қатысты. Енді қарап отырсақ, цифрландыру ол тек бейнебақылау камераларын орнату ғана сияқты. Бұл дұрыс емес. Алдағы 3 жылда 16 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Оның қайда, қалай жұмсалатыны маған түсініксіз. Цифрландыру дегеніміз - тек камера орнату емес. Ол дегеніміз - үздік технологиялар, цифрландырудың көмегімен қаладағы кептеліс мәселесін де шешуге болады. Меніңше, аудандық әкімдіктерде цифрландыру туралы бағдарлама жоқ секілді», - деді депатат.

Халық қалаулысының сынына қатысты Нұр-Сұлтан қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек пікір білдірді.

«Бізде қала тіршілігі мен қызметтерді цифрландыруға қатысты бағдарлама бар. Таяудағы қалалық мәслихаттың ұсынысына сәйкес елорданы цифрландырудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Цифрландыру бағдарламасы барлық саланы қамтиды. Және оны 1 айдан соң сіздерге таныстырамыз», - деп жауап берді басқарма басшысы қойылған сауалға.

Бұған дейін елордада «Сергек» камерасының артатынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар