Нұр-Сұлтанда карантиндегі олқылықтарды реттеу үшін жазғы мектептер ашылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада оқыту сапасын арттырып, шектеу шаралары кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін жазғы мектептер ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтанда карантиндегі олқылықтарды реттеу үшін жазғы мектептер ашылады

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова айтып берді.

«26 мамырдан 19 маусымға дейін ата-аналардың өтінішімен барлық тілек білдірген оқушылар үшін оқыту сапасын арттыру және шектеу шаралары кезіндегі білім алуда жіберілген олқылықтардың орнын толтыру, сондай-ақ оқушылардың физикалық және эмоционалдық денсаулығын қалпына келтіру мақсатында онлайн-оффлайн режимінде жазғы мектеп ұйымдастырылады. Жазғы мектеп білім алуда жіберілген олқылықтардың орнын толтыруға, командалық оқу дағдыларын игеруге, өткен оқу мтериалын сапалы меңгеруге, оқуға деген ынтаны арттыруға мүмкіндік береді», - деді Р. Иманғазинова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Сондай-ақ, болашақ 1-сынып оқушыларын даярлау мақсатында әр мектепте тамыздан бастап, екі апталық «Балақай» мектебі ұйымдастырылады.

Бұдан басқа, 1 маусым мен 25 тамыз аралығында балаларға білім беру ұйымдары базасында онлайн алаңдар қолжетімді болады. Нақты құрылған жұмыс балаларға таңертеңнен бастап, қызықты және пайдалы білім алуға мүмкіндік береді. Мұнда балалар бағдарламалау, дизайн, жүйелік басқару, ойындар әзірлеу және басқа да IT-бағыттарда өздерін сынап көре алады.

Айта кетейік, биыл балалар үшін жазғы демалыс ҚР БҒМ ұсынған «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық» тақырыбымен ұйымдастырылады. 1-30 маусым аралығында Оқушылар сарайлары жанында жазғы демалыс академиясында, көркем және муызкалық мектептерде, техникалық және шығармашылық орталықтарда, «Арт тұмар» орталығында үйірмелер мен секциялар ашылады.