Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта инфекциялық төсектер 12% жүктелген.

24 наурыз күнгі дерекке сәйкес, стационарларда КВИ жұқтырған 39 пациент жатыр. Оның ішінде өкпені жасанды желдету аппаратына 3 адам қосылған, 12 адам реанимацияда ем қабылдауда.

Қалада коронавирус инфекциясынан өлім-жітім төмендеген. Денсаулық ведомствосы бұған КВИ-ге қарсы вакцинация айтарлықтай ықпал еткенін атап өтуде.

Сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдер арасында да инфекция азайды. Қазір індетті жұқтырған жүкті 2 әйел ем қабылдауда.

Инфекциялық төсек жүктемесінің төмен болуына байланысты 275 орын бос. Оның ішінде 54 төсек реанимацияда орналасқан.

«Елордада 490 мыңнан астам адам толық иммундаудан өтті. Бұл белгілі бір иммундық қабатты қалыптастырды», деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан. Ал 102 мыңнан астам тұрғын ревакцинациядан өтті.