Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі 30-ға жуық адам жұмысқа орналасады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы мүмкіндігі шектеулі 100-ден астам адам ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруды, олардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін ашуға жәрдемдесуді мақсат тұтқан шарада 25 жұмыс беруші әртүрлі қызмет түрлері бойынша 60-тан астам бос жұмыс
орнын ұсынды.
«Жәрмеңкеге мүгедектігі бар 100-ден астам адам қатысты. Олардың әрқайсысына жұмыс іздеу, сондай-ақ кәсіби оңалту бойынша ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсетілді. Сонымен қатар, келушілер зейнетақымен қамсыздандыру, кәсіптік бағдарлау, психологиялық, заң
және медициналық-әлеуметтік қызметтер мәселелерімен кеңестер алды. Бос орындар жәрмеңкесі жұмысының алдын ала нәтижелері 30-ға жуық адамның әлеуетті жұмыс берушілерге қайта әңгімелесуге, тағы 5-еуі тағылымдамаға шақырылғанын көрсетті», - делінген хабарламада.
Жәрмеңкеге бірінші келген ізденушілерге сыйлықтар берілді.


