Нұр-Сұлтанда Наурыз мерекесін тойлау мәселелері талқыланып жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Наурыз – халық бірлігінің мәдени коды: зерттеу, тұжырымдама, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараға Қазақстан, Түркия және Иран ғалымдары мен сарапшылары және дипломаттар қатысып жатыр.
«Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды. Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын нышаны. Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі. Бүгінде Наурыз – әлемде де, Түркі дүниесінде де, Қазақстан Республикасында да достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға себепші жалпыхалықтық мейрам», - деді Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.
Өз сөзінде ректор Қазақстан Республикасының жаңару мен жаңғыруға бағыт түзегенін атап өтті.
«Байқап қарасаңыздар, Наурыздың философиясында да осы концепция бар. Бүгінгі конференцияның мақсаты – Қазақстанда 1988 жылдан бері ресми мерекеленіп келе жатқан Наурыздың мәнін, 34 жыл ішіндегі тойлану ерекшелігін, шараны өткізудегі кемшіліктерді, осы мәселеге қатысты жаңарту жұмыстарын жүргізудің ғылыми және тәжірибелік негіздемелерін зерделеу. Сол үшін де Наурыздың отаны саналатын Иран Ислам Республикасы мамандарын, өзімізбен қанаттас Түркіменстан, Тәжікстан мамандарын, осы мейрамды соңғы жылдары атап өте бастаған Түркия ғалымдары мен Наурызды ЮНЕСКО деңгейіне көтеруге себепші ұйымдардың азаматтарын шақырдық.
Сөзімнің соңында айтарым: Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт-береке әкелсін! Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, әрбір жаңа күн әр отбасына шат көңіл, бақыт және береке сыйласын!» - деді Е. Сыдықов.