Нұр-Сұлтанда оқушылар «Елбасы медалімен» марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтанда «Елбасы медалі» жобасына қатысушы 28 оқушы мен жастар қола медальмен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтанда оқушылар «Елбасы медалімен» марапатталды

«Ел Үміті» бастамасын іске асыру аясында Тұңғыш Президент Қоры мен «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры 2020 жылдың шілде айында балалар мен жастарға арналған «Елбасы медалі» жаңа жобасын іске қосты. Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысты. Шараны Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы, «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы ұйымдастырды.

«Жастар – ел болашағы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарымыз ғылыммен айналысса, біздің болашағымыз зор болмақ деген болатын. «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бүгін осы жерде отырып, сіздер мақсаттарыңызға жету жолында аянбайтындықтарыңызды дәлелдедіңіздер. Сіздерге зор денсаулық пен сәттілік тілеймін. Тек алға ұмтылып, арман қуыңыздар», - деді Балаларды және жастарды дамыту диагностикалау орталығының басшысы Гүлім Жүсіпова.

Оның айтуынша, былтырдан бастап 11 мың бала «Елбасы медалі» жобасына қатысқан. Мұнда әр балаға жеті бағытта тапсырмалар беріледі: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Әр қатысушыға арнайы тәлімгер белгіленеді. Олар тапсырмаларды балалардың тұлғалық ерекшеліктеріне сай беріп отырады. Барлығы республика бойынша 11 мың қатысушыға 600-ден аса тәлімгер белгіленген. Тапсырмалардың орындалуы телефон арқылы қадағаланған.

«Әр адам 6 ай бойы бір бағытта жұмыс жасай берсе, ақырында ол әдетке айналады. Біздің мақсатымыз осы», - деді Гүлім Жүсіпова.

«Елбасы медалі» жобасының қола деңгейіне 14 жастап бастап қатысуға болады, бұл деңгейде тапсырмалар 6 айға алынады. Күміс деңгейге 15 жастап бастап қатысып, 12 айға тапсырмалар алуға болады. Ал алтын медаль алу үшін тапсырмалар 18 айға беріледі. Бұл деңгейде қатысушылар жасы 16-дан басталады.

«Елбасы медалі» жобасына өтінімдерді қабылдау кезеңінің басталғанын ғаламтор арқылы Назарбаев қорының парақшасынан білдім. Бағымды сынап көруге бел байладым. Жоба аясында алты айдың ішінде берілген тапсырмаларды орындап, бүгін марапатқа ие болдым», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі Әбділда Алтынбек.

Қола медаль иегері кітап оқу бағыты бойынша Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», әлем классиктері қатарынан Пушкиннің «Евгений Онегинін» оқып шыққан.

«Дарын мен дағды бағыты бойынша Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Абайдың басты партиясын, Евгений Бусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан бас кейіпкер Бекежанның партияларын жаттадым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта жобаның күміс деңгейіне қатысатын ойым бар», - деп бөлісті Әбділда Алтынбек.

Барлығы республика бойынша 3335 қатысушы қола деңгейіндегі «Елбасы медалі» иегері атанды.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Елбасы медалі» бағдарламасының тағы 31 жеңімпазы қола медальмен марапатталады.