Нұр-Сұлтанда отбасыға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету орталығы ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтанда отбасыға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету орталығы ашылды

«Орталық мамандары қолдау керек отбасыларға бастан-аяқ көмек көрсетеді. Егер отбасы есепте тұрған болса, сол отбасыға есептен шығам дегенше қолдау болады. Және жұмыс жан-жақты жүреді. Ол дегеніміз денсаулық сақтау, еңбекпен қамту, құқық қорғау органдары мамандары бірлесіп жұмыс істейді. Мәселені бірге шешеді. Бұл жерде отбасыны әлеуметтендіру, психологиялық қолдау және заң жағынан кеңес беріледі», - деді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова.

Оның айтуынша, қолдау қажет деген отбасының бәріне бірдей көрсетіледі.

«Адам өмірден қажыған сәтте, оған эмиционалды тұрғыдан қолдау өте қажет. Бізге кез келген адам өз мәселесімен келген сәтте алдымен мәселенің мән-жайын білуге тырысамыз. Әр адамның тағдырлық жағдайы мен мәселесі әртүрлі. Біз психолог ретінде сол мәселені анықтап, оның шешу жолын сол кісімен бірге қарастырамыз. Сондай-ақ, кейбір мәселені кісімен жеке талқылау қажет болады, ал кейбір жайттың астарын табу үшін ортаға салған дұрыс. Жалпы отбасылық кикілжіңге жиі алып келетін жайт, өзара түсініспеушілік пен ортақ шешімге келе алмау. Немесе ата-ана мен бала ортақ тіл табыса алмай жатады. Осы тұста оларға психологиялық қолдау керек», - дейді психолог Светлана Третьякова.

Сондай-ақ, жаңадан ашылған орталықта балаларға арналған ойын алаңы бар және әлеуметтік қызметкер қызметі де ұсынылады.